5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай мектебімізде тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор танымдық кездесу өтті. Аталған іс-шараға қоғам қайраткері, тіл жанашыры Серікбай Оспанұлы арнайы қонақ ретінде шақырылды. Кездесу барысында ол ана тіліміздің қадір-қасиеті, қазақ тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолы туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Серікбай Оспанұлы өз сөзінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен жазуын дамытудағы өлшеусіз еңбегіне ерекше тоқталды. Ахмет Байтұрсынұлының әліпби жасап, қазақ тіл білімінің негізін қалаудағы рөлі, оның тіл үшін жасаған күресі мен ел болашағы жолындағы қызметі туралы көптеген құнды деректер айтылды. Сонымен қатар, ол қазақ тілінің өркендеуіне үлес қосқан басқа да тіл жанашырлары — ғалымдар, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері жайында кеңінен мағлұмат берді.
Кездесу барысында оқушылар ана тілін құрметтеу, оны таза әрі сауатты қолдану – әр азаматтың қасиетті парызы екендігін терең түсінді. Іс-шара қатысушыларға үлкен әсер қалдырып, жастардың тілге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Мұндай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарды қадірлеуіне, туған тілді қастерлеуіне зор ықпал ететіні сөзсіз.


