Оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және төтенше жағдай қызметтерінің жұмысына құрметпен қарауды қалыптастыру мақсатында «Жалған қоңырау – салдары мен жауапкершілігі» тақырыбында профилактикалық іс-шара өткізілді.
Іс-шара барысында оқушыларға жалған қоңыраулардың қоғамға тигізетін зияны, төтенше қызметтердің уақытын босқа алатыны және нақты көмекке мұқтаж адамдарға кедергі келтіретіні түсіндірілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалған ақпарат тарату мен жалған шақырту жасағаны үшін қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ақпарат берілді.
Тақырып аясында «Жалған қоңырау: салдары мен жауапкершілігі» / «Ложный вызов: последствия и ответственность» атты бейнероликтер көрсетіліп, оқушылармен талқылау жүргізілді. Бейнематериалдар арқылы жалған қоңыраудың ауыр салдары мен әр азаматтың жауапкершілігі нақты мысалдар негізінде түсіндірілді.
Шара соңында оқушылар қауіпсіздік ережелерін сақтау, төтенше жағдай қызметтерінің жұмысын құрметтеу және жалған қоңырау шалудың құқықтық салдарын есте сақтау қажеттігі туралы қорытынды жасады.


